ВТБ Бірыңғай лигасы 2024/2025
Астана
Астана
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
09.02.2025, 14:00 Жс
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
70:99
Негізгі уақыт
24:27 14:28 15:19 17:25
Ойын нөмірі:
Көрермен: 416
Локомотив-Кубань
Краснодар

Аңдатпа: «Астана» — «Локомотив»

08.02.2025, 13:30    Просмотров: 529
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
ВТБ Бірыңғай Лигасы тұрақты чемпионаты аясындағы келесі қарсыласымыз – «Локомотив-Кубань». Матчқа бірге дайындаламыз. Қарсылас туралы толығырақ материалда.

ТОП-4

Бүгінде «Локомотив-Кубань» чемпионаттың турнирлік кестесінде сенімді түрде үздік төрттік қатарында келеді (23-7). Команда кестеде «Зенитке» сәл есе жіберіп тұрғанымен (25-5), екатеринбургтік «Уралмаштан» бір қадам алда (16-14). Соңғы бес ойында «Локо» 4 жеңіске қол жеткізді. Команда МБА-МАИ (71:93), Саратовтың «Автодорын» (80:72), красноярскілік «Енисейді» (97:80) және мәскеулік ЦСКА ұжымын (104:106) жеңіп, тек «Пари Нижний Новгородқа» есе жіберді – 86:88.

Нәтижелілік жағынан «Локо» сапында Патрик Миллер көш бастап келеді. Қаңтарда ВТБ Бірыңғай Лигасы оны чемпионаттың ең құнды ойыншысы деп таныды. Миллердің орташа көрсеткіші келесідей 17.0 ұпай (ойыннан 48.5%, 3 ұпайлық соққылар дәлдігі – 37.5%, айып соққылары – 79.5%), 7.5 пас, 3.0 рет допты алу, 2.2 допты тартып алу, тиімділік рейтингіндегі ұпайы – 24.7. 

Жұлдыздар

ВТБ Бірыңғай Лигасы Жұлдыздары матчына «Локомотив-Кубань» сапынан Патрик Миллер («Қонақтар» командасы), Александр Гудумак пен Кирилл Елатонцев («Алаң иелері» командасы) қатысады.

Жарақат алғандар мен жаңа ойыншылар

Қаңтар айының соңында ЦСКА-мен матч кезінде «Локомотивтің» негізгі ойыншыларының бірі Андрей Мартюк табанынан жарақат алды. Оның жарақатынан айығуына бірнеше апта керек. Андрей Ведищев пен оның командасына жақын арада Би Джей Джонсон да көмектесе алмайды. Қаңтардың ортасында «Самарамен» өткен матчта ол иық буынын жарақаттап алған. Оның қатарға қашан қосылатыны белгісіз.

Кадрлық қиындықтарды шешу үшін «Локомотив» басшылығы жарақаттанған ойыншылардың орнына жаңа баскетболшыларды алуға шешім қабылдады. 30 жастағы қорғаушы Таджер МакКолом клубпен маусым соңына дейін келісімшартқа қол қойған. Ол бұған дейін Қытай чемпионатында «Гуанчжоу Лунг Лайонс» командасы сапында өнер көрсетіп, әр орйында орта есеппен 22.9 ұпай еншілеп, 5.1 рет допты алып, 5.0 пас берген және 2.1 рет допты тартып алған.

Кездесулер тарихы

ВТБ Бірыңғай Лигасы чемпионатында командалар 21 рет кездескен. 15 ойында «Локомотив» жеңімпаз атанса, 6 кездесуді «Астана» өз пайдасына жазған. Соңғы рет қазақстандық команда «Локомотивті» 2022 жылдың 15 ақпанында жеңген – 87:83.

Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:

«Локомотив – тұрақты чемпионаттың ең жылдам командасы. Олардың шабуылдағы қарқынына төтеп беріп, қорғаныстағы қысымға шыдай білуіміз керек және қарсыласқа  шабуылда қосымша мүмкіндіктер бермес үшін қателіктерге жол бермеуге тырысу қажет».

Матч: «Астана» – «Локомотив»
Күні мен уақыты: 9 ақпан, 14:00  
Өтетін орны: «Сарыарқа» велотрегі
Трансляция: клуб сайтында

Чемпионат көшбасшыларының біріне есе жібердік

11.02.2025, 12:00    Просмотров: 125
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
Бірінші ширекте астаналықтар қарсыласқа лайық күрес көрсетті. Әсіресе Андрей Десятников пен Данила Походяев үшін матчтың басы нәтижелі болды, екі ойыншы да он минут ішінде жеті ұпайдан еншілей алды. Ал кезең соңында Вадим Щербактың қорғаныстағы ойын өрнегі есеп айырмасын үш ұпайға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 24:27 – «Локомотив» алда.

Екінші ширекте де ойын қарқынын бәсеңдемей, күрес дәл бірінші кезеңдегідей жалғасты. Тіпті, бір сәтте «Локомотив» тек үш ұпай айырмашылығымен алда тұрды. Алайда өкінішке қарай, жігіттеріміз бұл есепті сақтап қала алмады, ширек ортасында қарсыластың ойыны жақсы жүре бастады. Ойынның бұл бөлігінде астаналықтарға Айзея Уэйли көп қиындық туғызды. Себебі, оның дәл соққыларының арқасында «Лоокомотив» 10 ұпай айырмашылығымен есепте алда кетті. Ал ойнының алғашқы жартысының соңында таблодағы көрсеткіште алаң иелері 17 ұпай айырмашылығымен алда болды.

Үзілістен кейін ойын қарқыны сәл бәсеңдеп, «Астана» алыстан жасайтын соққыларымен күрес жүргізуге талпынды, кейде қарсыластың орталық ойыншыларынан допты тартып та алуға мүмкіндіктері болды. Алайда «Локо» мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жол бермеді. Дегенмен, Галин Смитке бағытталған пастардың бәрі мақсатты жеріне жетіп, ол данктарының арқасында шабуылдың нүктесін қоя білді. Үшінші ширекте Патрик Миллердің көрсеткен нәтижесі астаналықтар үшін қиындық туғызды, ол үш ұпайлық соққыларды сәтті орындай бастады. 74:53 – алаң иелері +21 ұпай айырмашылығымен алда.

Қорытынды он минуттықты астаналықтар жарқын бастады. Сәтті ұйымдастырылған комбинацияның арқасында Вадим Щербак үш ұпайлық соққыны дәл орындады. Глеб Плотников шәкірттері күрес жүргізуді тоқтатпай, прессинг қосып, қарсыласты қателік жіберуге мәжбүрледі. Ойлаған дүниенің бәрі жүзеге аспағанымен, команда мінез көрсетіп, соңғы минутқа дейін ойын барысын өзгертуге тырысты. Толыққанды камбэк жасау үшін қарсылас қателік жіберуі керек болған, алайда «Локомотив-Кубань» айырмашылықты сенімді түрде сақтап қала алды. Дегенмен, астаналықтардың барын салып ойнауы мен жеңіске деген ұмтылысы құрметке лайық!

«Астана» – «Локомотив-Кубань» 70:99 (24:27, 14:28, 15:19, 17:25) 

«Астана»: Данила Походяев (14), Григорий Мотовилов (13 + 8 пас), Галин Смит (9 ұпай + 7 рет допты алу), Андрей Десятников (9 ұпай + 7 рет допты лау), Рустам Мурзагалиев (9 ұпай).
«Локомотив-Кубань»: Айзея Уэйли (18 ұпай), Патрик Миллер (14 ұпай + 7 пас), Кирилл Темиров (14 ұпай).

Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:

«Қорғаныста нашар ойнадық, ойынға құрған жоспар орындалған жоқ. «Локомотив-Кубань» — жылдамдығы жоғары команда және бізбен ойында да олар оны көрсетті. Есептегі айырмашылыққа қарамастан, шабуылға көңілім толды. Жігіттер допқа жақсы иелік етті, бұған 21 пас дәлел. Допты алуда жақсы көрсеткіш тіркедік, оның үшеуі қарсылас аймағында болды. 17 қателік – көп. Оған қоса, Дэниэл Утоми мен Александр Оразбековтің құрамда болмағаны сезілді. Күнтізбе тығыз, сондықтан ойыншылардың қалпына келуіне уақыт жетпей жатыр, салдарынан жарақат та көп. Өкінішке қарай, ойыншылар қалыпқа келуі үшін оларға демалыс бере алмаймыз. Оған қоса, қазақстандық ойыншылар ұлттық құрама сапында, сондықтан оларда да демалыс жоқ».

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1946 Клубтық түстері: жасыл, қызыл
Мемлекет: Ресей Арена: Баскет Холл
Қала: Краснодар Сайт: lokobasket.com

Сипаттамасы

«Локомотив-Кубань» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015