«Астана» оныншы рет Ұлттық лига чемпионы атанды

11.05.2022, 10:00    Оқылғаны: 1483
Дереккөз: ҰБФ ҚР
Автор:

Финалдық кезеңдегі, Атырауда өткен үшінші матчта “Астана” Ұлттық лиганың чемпионы атағын қорғап қалып, “Атырау Барыстарын” кезекті рет күміс жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр етті.

Ойын барысы: Ойын басталған бетте командалар алыстан лақтырған екі дәл соққыларымен алмасты. Бұдан кейін қонақтар қамшыны басып, жеті ұпай айырмасымен алға шықты. Бірінші кезеңнің ортасында “Атырау Барыстары” есепті біршама қысқартты, бірақ қонақтарын қуып жете алмады. “Астана” кезең біткенше өз басымдығын уысынан шығармай, бес ұпай айырмасымен басым болды – 15:20. Екінші ойын бөлігінде елорда командасы нәтижелі ойын өрнегін көрсете алмады. Алаң иелері кезеңнің бел ортасында таразы басын теңестіруге шақ қалды. Бірақ “Астана” бұл жолы төтеп берді. Алайда, матчтың бірінші жартысының соңына қарай “Барыстар” тағы да қонақтардың өкшесін басып, жиырма минут ойын уақытында бір ғана ұпай айырмасымен ұтылды – 30:31. Шығыршық ауыстырған соң, жасыл-ақ жейделілер бірден алға шықты. Бірақ сол сәтте-ақ ойын тізгінін уыстарынан шығарып алды. Ал қонақтар болса, үшінші кезеңнің ортасына қарай екі таңбалы сан айырмасымен алға озды. Атырау командасы келесі екі минутта еңсе тіктеп, есеп айырмасын бес ұпайға дейін қысқартты. Бірақ соңғы кезең алдында он бір ұпай айырмасымен ұтылып жатты – 47:58. Төртінші кезеңде астанадан барған қонақтар екі таңбалы санға тең есеп айырмасын уыстарында берік ұстады. Матчтың аяқталуына бес минут қалғанда он ұпай айырмасымен ұтып жатты. Ал екі жарым минуттан кейін елордалық гандикап он бес ұпайға дейін ұлғайды. Матчтың соңғы минуттарында “Астана” бірде-бір доп сала алмады, бірақ оларға бұған дейінгі қол жеткізген басымдықтары осы матчты жеңіспен аяқтауға молынан жетті – 64:70.



Маңызды сәт: Матчтың аяқталуына екі жарым минут қалғанда “Астана” он бес ұпай айырмасымен алға озып, осы ойынның тағдыры шешілді.

Матч үздігі: “Астаны” тағы да үлгілі ұжымдық ойын өнегесін көрсетті, ең үздігін бөле-жара атап өту оңай емес.

Көп ұпай жинағандар:

  • «Атырау Барыстары»: Донте Ламонт Макгилл (23 ұпай, 3 рет доп қағып алды), Денис Викентьев (12 ұпай, 9 рет доп қағып алды, 2 пас), Андрей Рогозенко (12 ұпай, 2 рет доп қағып алды, 3 пас, 2 рет доп тартып алды).
  • «Астана»: Скайлар Спенсер (14 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 6 пас, 2 рет доп тартып алды, 1 блокшот), Николай Бажин (16 ұпай, 4 рет доп қағып алды, 2 рет доп тартып алды), Антонио Кэмпбелл (12 ұпай, 6 рет доп қағып алды).


Салдары: “Астана” Ұлттық лиганың он дүркін чемпионы болды, ал “Атырау Барыстары” тарихта тоғызыншы рет күміс жүлдегер атанды.

Баскетбольный клуб Астана 2021/2022


Жеңімпаздар мен күміс жүлдегерлерді марапаттаумен қатар, маусымның ең үздік бес ойыншысының төртеуі жарияланды :

  • Скайлар Спенсер – «Астана», Нұр-Сұлтан
  • Донте Ламонт Макгилл – «Атырау Барыстары»
  • Владимир Иванов – «Атырау Барыстары»
  • Антонио Кэмпбелл – «Астана», Нұр-Сұлтан


Марапаттау рәсімі салтанатындағы фотосуреттер біздің сайтымыздың Медиа бөлімінде жарияланған.
 


Жалпы, турнир жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»