«Астана» КБК бас директоры Аракелян Самсон Георгиевичпен сұхбат

20.08.2024, 10:00    Оқылғаны: 585
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Жаңа маусымға мақсат, құрамдағы өзгеріс, бапкерлер штабы, «Астананың» өз алаңы және академия жоспарлары.

- Клубтың жаңа маусымға дайындығы қалай?
 
- Дайындық маусым айының басында Батыс-Азия лигасының матчтары аяқталған бойда басталды. Келер маусымға даярлықты үш негізгі міндетті – бапкерлер құрамы мен өткен екі маусымның үздігі Маркелл Джонсонды командада сақтап қалу, сондай-ақ негізгі құрамға енетін қазақстандық ойыншыларды анықтаудан бастадық. Осы мәселелердің шешімі маусымаралық үзілістің басқа жұмыстарын, атап айтса, ойыншылармен келісімшарт жасасу және жаңа маусымдағы команда форматын анықтап берді.
Осымен үшінші жыл қатарынан командада жергілікті баскетболшылардың ойнауы және олардың арасындағы бәсекелестікті сақтауға бағытталған «Астана» трансформациясы» жалғасып келеді.
Маусымға дайындықта маусым айы шешуші рөл ойнады. ВТБ Лигасы кеңесі өтіп, маусымдағы ойын саны мен жүйе нақтыланды. Келер маусым – клуб үшін сын болмақ. Команда рекордтық көрсеткіште ойын өткізеді. ВТБ Бірыңғай лигасы жаңа тұрақты маусымында команда 44 матч өткізеді (былтыр матч саны 40 болған). Бұл плей-ин мен плей-офф матчтарын есепке алмағанда. Қыркүйекте былтыр өткізілмеген ҚР Кубогында бақ сынаймыз, сонымен қатар «Астананың» негізгі құрамдағы ойыншыларын ерлер құрамасымен бірге Азия Кубогына іріктеудегі екі үзіліс күтіп тұр. Негізгі команданың жүктемесі арта түседі, дегенмен бұған қарамастан «Астана» барлық турнирлерге қатысады. Біздің басты міндетіміз – барлық жарыстарда тиімді өнер көрсету үшін ойыншылар мен күшімізді теңдей бөлу.
Былтыр 22 жасқа дейінгі ойыншылардан жасақталған «Астана Академия» командасының алдына ұлттық чемпионатта өнер көрсету міндеті қойылды. Жүлделі орыннан көрінбесек те, нәтижеге көңілім толады. Жастардан жасақталған құрама шыңдалды және чемпионатқа әрі қарай қатысуға дайын. Ендігі қадам – турнирлерде сапалы өнер көрсету үшін «Астананың» кеңейтілген құрамын жасақтау. «Астана Академия» жергілікті ойыншыларының бәрін құрамда сақтап қалдық, оларға «Астана Жастар» командасының кейбір ойыншылары қосылды. Негізгі құрама мен легионерлер ВТБ лигасында ойнайды, ал нәтижелерін жақсарту үшін әлі де уақыт керек баскетболшылар Қазақстан чемпионатында өнер көрсетеді.
 
- Бапкерлер құрамында өзгеріс бола ма?
 
- Фотиос Такианос команданың бас бапкері болып қала береді. Ол өткен жылы команда қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан кезде қосылды. Командада ойындағы өзара түсіністікте – химияда, нәтижеде төмен сырғу байқалды. ВТБ Лигасы плей-офф кезеңіне шыға алған жоқпыз, алайда оған қарамастан, маған оның жұмысы мен философиясы ұнады. Бас бапкер көмекшілері Глеб Плотников пен Дмитрий Базаревичті ауыстырған жоқпын. Фотиос оған дейін жасақталған бапкерлік құрамға келіп қосылды және жылдам тез тіл табысып кетті. Оған қоса, кейбір қазақстандық ойыншылар осы бапкердің келуімен жаңа қырынан ашылды. Ал бұл біз үшін аса маңызды. Иә, қазіргі сәтте қазақстандық ойыншылар ВТБ Лигасында құнды баскетболшы болып саналмауы мүмкін. Алайда олар Қазақстан чемпионаты мен Батыс-Азия лигасында маңызды рөлге ие.
Бапкерлік құрамды сақтап қала алғанымызға қуаныштымын. Мұнда бір ғана өзгеріс енгізіп, жалпы дене жаттығуы бойынша жаңа бапкер алдық. Өкінішке қарай, өзге жобаларына байланысты Ринат Абитов біздің командамен жұмыс істеуін тоқтатты. Клубпен бірге өткізген екі жыл үшін оған зор алғысымды айтамын. Жалпы дене жаттығуы бойынша бапкер қызметіне ВТБ Бірыңғай лигасында тәжірибесі бар, чемпионаттың қыр-сырын жақсы білетін маманды алдық. Өткен жылы Лигада дебют жасаған «Руна» командасында жұмыс істеген Роман Лавровты қатарымызға қостық. 
«Астананың» екінші бапкерлер штабы жартылай өзгерді. Михаил Лоншаков бас бапкер қызметін атқаруды жалғастырады, оның жанына «Астана Жастар» командасының бас жаттықтырушысы болған Никита Галихаметов қосылды. Ал Никита Галиахметовтың орнын Антон Пономарев басты. Дәл қазіргі сәтте ең тиімді бапкерлер құрамы деп есептеймін.
Матчтар санының көбеюіне байланысты алдағы маусымның күрделі болатынын есепке алғанда, спорттық директор қызметіне мықты маман алуды жөн деп таптық. Осылайша, бұл қызметке Валериюс Соколовас шақырылды. Бұл маман бұрыннан менің назарымнан тыс қалып көрмеген, ал «Ирбистің» өткен маусымы Валериюстің жаңа деңгейге дайын екендігін көрсетті. «Ирбис» өзін тек спорттық емес, маркетинг және ойындарды ұйымдастыру жағынан да жақсы көрсетті. Бұған оның сіңірген еңбегі зор.
 
- Өткен жылмен салыстырғанда құрам қалай өзгерді? Жаңа ойыншыларға тоқтала кетсек.
 
- Жаңа маусымға құрам жасақтау кезінде командада сақтап қала алатын қазақстандық ойыншылардың мүмкіндіктеріне зор мән бердік. Сонымен қоса, ВТБ Лигасының рұқсатымен ресейлік төлқұжаты бар үш ойыншыны жергілікті баскетболшы ретінде қостық. Бұл қадам біздің турнирдегі мүмкіндіктерімізді арттыра түседі деуге болады. Қазақстан баскетболында ойыншылардың жетіспеушілігі мәселесі өте өзекті, ересектер мен жастардың жас айырмашылығы өте үлкен. Спорттық формасы мен тәжірибесі шырқау шегінде болатын 24-28 жастағы қазақстандық баскетболшылар жоқтың қасы десе де болады. ВТБ Лигасы деңгейінде өнер көрсете алатын ойыншыларды тәрбиелеп шығуымызға әлі де уақыт керек. Ресейлік ойыншылар осы олқылықтың орнын толтырып, жаңа буын тәрбиелеуімізге керекті уақытты береді.
Маркелл  Джонсонды командада сақтап қалу өте маңызды болған. Ол – әрдайым дамып отыратын көшбасшы ойыншы. Оған өзге клубтардан ұсыныс жиі түсетіні де таңқаларлық жайт емес. Бұл ұсыныстар қаржылық тұрғыдан біздің ұсынымызға қарағанда жақсырақ. Алайда Маркеллдің келер маусымда бізбен бірге болатыны оның адамдығы мен Қазақстанға деген құрметінен сыр береді. Осының арқасында оны және қазақстандық ойыншыларды назарға ала отырып, команда жасақтай алдық.
Командаға үш ресейлік және төрт америкалық баскетболшы келді. Олардың әрқайсысымен келісімшартқа қол қою екі ай ішінде жүзеге асырылды. Ойыншыларды іздеу кезінде тек статистикаға емес, олардың моральдық қасиеттері мен психологиясына да мән бердік. Бүгінде команда маусымға дайын және толығымен жасақталды деп нық сеніммен айтуға болады.
Менің ойымша, биыл біздің командамыздың әлеуеті былтырғы және оның алдыңғы жылмен салыстырғанда жоғарырақ. Үш ойыншы – Максим Марчук, Роман Марчук және Дмитрий Гавриловпен қош айтыстық. Оларға «Астанада» өткізген жылдары үшін алғыс айта отырып, мансаптарына сәттілік тілеймін.
«Астананың» өзге қазақстандық клубтардан басты артықшылығы – жаңа деңгейге шығуға дайын жас ойыншылар санының көптігінде. Өткен маусымда Батыс-Азия Лигасындағы ойындар кезінде командаға үш жас баскетболшы қосылды: Александр Оразбеков, Владислав Исаенко және Әсет Амангельдинов. Командалар құрамын жаңарту мен жасарту енді тұрақты түрде жүзеге асырылып отырады. Алайда бұл Қазақстан төлқұжаты болғаны үшін ойыншылар үнемі негізгі құрамда болады дегенді білдірмейді. «Астананың» негізгі құрамында әрдайым бәсекелестік болуы керек.
 
- Команда ВТБ Лигасынан өзге қандай турнирлерде бақ сынайды?
 
- Жоғарыда айтқанымдай, биыл Қазақстан Кубогы өтеді. Қуанатын жағдай. Жылда Кубок ақпанда өтсе, биыл қыркүйек айында жалауын желбіретеді. Кубок иегері ретінде командаларды Астанада қабылдаймыз. Қатысушылар тізімі мен күнтізбе дайын. «Астананың» біріккен құрамы үшін алғашқы сын 13 қыркүйек күні өтеді. Турнирге қатысатын құрамды бапкелер оқу-жаттығу жиындары қорытындысы негізінде жасақтайды.
«Астана» ойыншыларының көп бөлігі ұлттық құрамамен бірге Азия Кубогына іріктеуге қатысуға ниетті. Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі Азия Кубогына бас бапкер Антон Пономаревпен бірге бес ойыншымыз аттанады. Баскетбол Академиясының жұмыс ауқымы кеңейіп жатқанын да айта кетейін. Фарм-командалар чемпионатында барлық жас ерекшеліктері бойынша қатысамыз: U-12, U-13және U-14.
 
- ВТБ Бірыңғай лигасы матчтарының көп бөлігін Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткізу жоспарланып отыр. Бұл аренаның қандай артықшылығы бар?
 
- Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында матчтар өткізудің екі маңыззды критерийі бар. Біріншісі – көрермен жайлылығы. Екі рет билеттер сатылымы бойынша рекорд жасағанымызбен, велотректе көрермен ойынды тек төменнен ғана көре алады. Өйткені, жоғарыдан көру ыңғайсыз. Ал бұл дегеніміз бар болғаны – 800 орын.
Тағы бір артықшылық – Жекпе-жек сарайында медиа-кубтың болуы. Бұл біздің коммерциялық және ойын-сауықтық мүмкіндіктерімізді арттырады. Біздің басты мақсатымыз – баскетболдың танымалдығын арттыру және осы үшін бәрін жасап жатырмыз. Жанкүйер өзін ойында жайлы сезініп, сапалы әрі ойын-сауықтық өнім алуы керек.
Екінші себепке келер болсақ, ол жылдар бойы ВТБ Лигасы да, FIBA да айтып жүрген – теледидар мен онлайн көрерменге арналған бейне. Велотректегі бейне сапасыз. Әйтсе де, велотрек – біз үшін тарихи тұрғыдан негізгі алаң. Онда бүкіл жаттығу процесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Әрі Жекпе-жек сарайы бос болмаған кезде, ойындар велотректе өтеді.
 
- Баскетбол Академиясының жаңа маусымдағы жоспарлары қандай?
 
- Біздің стратегиялық жоспарымызға сай, баскетболмен айналысатын балалар санын 300-ден 500-ге дейін арттыруымыз керек. Әзірге Астанадағы залдар санының жетіспеушілігі мақсатымызға жетуге кедергі келтіріп отыр. Топтар да, жаттығу залдары да лық толы. Осы мұратымызға жету үшін қаржылық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктер іздеуді жалғастыра береміз. Бұдан шығудың екі жолы бар: Академия ауқымын кеңейту және қала мен облыстағы өзге баскетбол үйірмелерімен серіктес болу.
Өткен жылы қыздарға арналған үйірме өз жұмысын бастады. Биыл оған қолдау көрсетуді жалғастырамыз және болашақта әйелдер арасында жастар командасын құруымыз әбден мүмкін. Бұл үшін уақыт керек және баскетболмен айналысушылар саны көбеюі қажет.
 
- Клубтың алдағы маусымда алдына қойған мақсаты қандай?
 
- «Астананы» Қазақстан баскетболының флагманы деп атайды. Көпшілік осылай айтады. Біздің клубтың бюджеті көп. Бұл әрі басымдық, әрі жауапкершілік. «Астананың» барлық турнирлердегі міндеті – финал мен чемпиондық атаққа қол жеткізу! Ойыншылар үшін жасалған жағдай бізді тек жүлделі орыннан көрінуге міндеттейді. Бұл фарм-командалар арасындағы чемпионат, ұлттық лига мен Қазақстан біріншілігіне қатысты айтылып отыр. Батыс-Азия Лигасына келер болсақ, сары құрлықтың клубтық баскетболында көш бастап, жүлдегерлер қатарында болуымыз керек. ВТБ лигасы туралы айтсақ, басты мақсат – плей-оффқа шығу. Бұл – минимум міндет. Бірде-бір спортшы төртінші не бесінші орын алу үшін ойнамайды. Біз бәріміз спорттамыз және мұнда жеңіске жету үшін келгенбіз. Маркетингтік амбициямыз да жоғары. Жекпе-жек сарайында өткізетін матчтарымыз көрерменге арналған шоу сапасын арттырып, баскетбол жанкүйерлері санының артуына көмектеседі деп сенеміз.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»