«Астана» Алматыдағы алғашқы ойындар сериясын аяқтады

12.12.2024, 13:00    Оқылғаны: 107
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Астаналық ұжым Алматыға жас құраммен аттанды, команданың біраз бөлігін «Жастар» ойыншылары құрады. Бірінші матчта Михаил Лоншаков шәкірттеріне легионерлер мен ұлттық құрама ойыншыларына қарсы ойнау қиынға соқты – 87:39. Ал екінші ойын астаналықтар үшін нәтижелі болды. Баскетболшыларымыз фол алмауға тырысып, қарсыласты ереже бұзуға мәжбүрледі. Одан бөлек, бұл жолы 50-ден көп ұпай жинай алдық – 88:58. Екі кездесуде де «Астана» құрамынан Әмірәли Сүлейменов пен Абылайхан Жандарбек үздік деп танылды. Сонымен қатар, Вадим Доц пен Валерий Симонов көзге түсті. Бұл ойындардағы басты мақсат жас баскетболшылардың біліктілігін шыңдау болды. Санжар Әубәкіров пен Богдан Бойко өздерін бәсекелестік жоғары чемпионатта сынап көрді.

Енді астаналық ойыншылар Алматыда тағы бір серия өткізеді. Қарсылас – «Алматинский Легион» командасы. Ойындар «Сhampion» СК 14-15 желтоқсан күндері өтеді. Матчтар сағат 17:00-де басталады.
«Астана» бас бапкері Михаил Лоншаков пен капитаны Валерий Симонов сырт алаңдағы екі кездесуге қорытынды жасады.

Михаил Лоншаков, «Астана» бас бапкері:

- «Ирбиспен» ойындарға тоқталсақ, оңай болған жоқ. Өйткені, өзге сырт алаңдарға матчтармен салыстырғанда, мұнда жас құраммен келдік. Әрине, «Ирбис» — жақсы легионерлер мен тәжірибелі қазақстандық ойыншылардан жасақталған мықты команда. Олардың кейбірі «Астана» сапында, Қазақстан құрамасынла ойнаған. Бірінші ойында қарсылас басымдыққа ие болып, допты алуда жақсы ойнады, әрі паркетте жақсы қозғалды. Ал біз болсақ, алыстан жасалатын соққыларды жүзеге асырмадық, соның себебінен таблодағы көрсеткіш тіркелді. Бұл қарсыласқа сенімділік сыйлады, олар тәжірибесінің арқасында бізге қарсы жақсы ойнады. Әлижан 5 фол алды, салдарында периметр бойын қорғауға тура келді, қарсыластың оңай соққылар жасауына мүмкіндік бердік.
Екінші ойында жастығымыз өз пайдасын берді, ал қарсыласқа матч қиынға соқты. Біз қалпымызға жылдам келдік, сондықтан белсенді ойнадық, үш жарым ширек бойы бір деңгейді ұстап тұрдық. Жақсы қорғана білдік, жылдам баскетбол ойнадық. Әрі осы жолы допты алуда жеңілмедік, бұл шабуылда белсендірек болуымызға ықпалын тигізді.
- «Жастар» сапынан командағы қосылған ойыншылар туралы не айтасыз? Ұлттық Лигаға жылдам бейімделе ала ма?
- «Жастардан» командаға қосылған екі ойыншы – Санжар мен Богдан. Әрине, дәл қазір оларды Ұлттық Лигада көшбасшы деп айта алмаймыз. Әлі де біраз жұмыс істеулері керек. Бір жағынан, олар баға жетпес тәжірибе алды. Олар ойыншы ретінде алға бір қадам жасады десек болады.

Валерий Симонов, «Астана» капитаны:

- Біз үйшын ойындар оңай болған жоқ. «Ирбис» — жақсы легионерлер мен Қазақстаннның тәжірибелі ойыншыларынан жасақталған команда. Біз үшін бұл үлкен тәжірибе, барлық ойыншы барын салды, қолынан келгенін жасады. Қателермен жұмыс істеп, «Алматинский Легионмен» матчтарға дайындаламыз.

- Екінші ойында команда жақсы нәтиже көрсетті, сіз ең үздік ойыншы атандыңыз. Бірінші матчтан кейін қателермен жұмыс істедіңіздер ме, әлде басқаша дайындықпен шықтыңыздар ма?

- Әрине, алғашқы ойыннан кейін жиналыс өткіздік. Қорғаныстағы қателіктерді талдадық, шабуылды зерттедік. Жиналыста шабуылға жылдам көшу керектігі туралы айтылды, себебі құрам – жас. Паркетке тек 11 адам ғана шықты. Жастық пен құрамды жақсы алмастырудың арқасында қарсыласты шаршата аламыз. Әрине, ойынға дайындық та басқаша болды. Біз бір-бірімізді қолдауға, алаңда бір-бірімізге көмектесуге тырыстық.  

- Бұл жолы құрамға жас ойыншылар қосылды. Командада өзара түсіністік пайда болып үлгерді ме?

-Иә, командада Ұлттық Лигада ойнау тәжірибесі көп емес баскетболшылар бар. Олардың біреуі «Ирбиспен» алғашқы матчта дебют жасады, алайда командадағы өзара түсіністік жақсы. Маусым басынан бері осы құраммен жаттығамыз деп айтсам болады.  

- Қазір сіз команда капитанысыз. Жауапкершілік сезіле ме? Неліктен сізді капитан етіп таңдады? Капитанның барлық міндеттерін ойдағыдай атқара алып жүрсіз бе

- Капитан ретінде орныдауым керек міндеттер бар, әрине. Алайда өзімді жақсы сезінемін. Команда дауыс беру арқылы ортақ шешім қабылдады. Өзіме капитан ретінде баға бере алмаймын, дегенмен барлық міндеттерімді атқаруға тырысып жүрмін. Жалпы, ойыншылар айтқаныма құлақ асады, мен де оларды тыңдауға тырысамын. Сенім артқандары үшін рақмет!
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»