«Астана» Алматыдағы матчтар сериясын аяқтады

17.12.2024, 14:00    Оқылғаны: 113
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Елордалық ұжым сырт алаңдағы матчтар сериясын аяқтады. Жалпы, «Астана» Алматыда төрт матч өткізді. 14-15 желтоқсанда команда «Алматинский Легионға» қарсы ойнады. Кездесулер алдында Михаил Лоншаков құрамға бірқатар өзгерістер енгізді, өйткені «Ирбиспен» матчтар қорытындысында Әлижан Ыдырысжан мен Абылайхан Жандарбек жарақат алып қалды. Осының салдарында бапкерлер «Жастар» сапындағы жас баскетболшыларды ойынға қосты. Санжар Әубәкіров пен Богдан Бойко өздерін Ұлттық Лигада сынап көрді. Ал Валерий Симонов команда капитаны қызметін атқаруды жалғастырып жүр.

«Алматинский Легионмен» екі кездесу қорытындысында Әмірәли Сүлейменов «Астана» сапындағы үздік ойыншы атанды. Бірінші матчта шабуылдаушы қорғаушы 14 ұпай еншілеп, 6 пас берді және 5 рет допты алды. Ал екінші ойында Әмірәли 20 ұпай олжалап, 7 рет допты алды және әріптестеріне 3 пас берді.

«Астана» бас бапкері Михаил Лоншаков пен ойыншысы Захар Медовской сырт алаңдағы матчтар сериясына қорытынды жасады:

Михаил Лоншаков, «Астана» бас бапкері:

- «Алматинский Легионмен» матчтарда шектеулі құраммен ойнадық. Бұған дейін айтқанымдай, Абылайхан Жандарбек пен Әлижан Ыдырысжан ойынға қатысқан жоқ. Өзге ойыншылардың бәрі матчқа қатысуға әзір болды. Бірінші ойында қарсыластың Альбрант, Свиридов және Тимофеев сынды баскетболшыларына тосқауыл қою мақсат етіп қойылды. Алғашқы кездесуде бұл қолымыздан келді, үш ширек бойы жақсы қорғандық. Әрі қарай күшіміз сарқылып, қарсыластың көшбасшысы Севергиннен қорғану қолымыздан келмеді. Командамыздың бірінші нөмірлі ойыншылары Мағжан Сәрсенғалиев пен Александр Оразбеков құрамда жоқ. Олар бірінші команда сапында. Соның салдарынан қателік көп, себебі өзге ойыншылары өз позицияларында ойнап жүрген жоқ және 4 кезең бойы ойынды бір деңгейде ойнап шығуға күшіміз жетпеді.
Екінші матчта 3,5 ширекті жақсы өткіздік. Жалпы, «Алматинский Легионмен» матчтарға көңілім толды, келешегіміз – көп ұзамай Ұлттық Лигадай ойнайтын жастарды сынап көрдік. Кейбіреуіне ВТБ бапкерлері назар аударуы мүмкін, сондықтан жас ойыншылар өздерін айтарлықтай жақсы қырынан көрсете білді. Әрине, оларға әлі де болса тәжірибе жетіспейді, жұмысты тоқтатпай, жеке қабілеттерін шыңдай түсулері керек. Сырт алаңда Санжар Әубәкіров алғаш рет Ұлттық Лигада ойнады. Алғашқы ойындарда бойында сенімсіздік болғаны байқалды. Алайда төртінші матчта Абылайдың жоқтығы салдарынан «бесінші» нөмірлі ойыншы ретінде, негізгі құрамда алаңға Санжар шықты. Шабуыл мен қорғаныста жақсы шешімдер қабылдады, өзін алаңда сенімді сезінді.


Захар Медовской, «Астана» БК ойыншысы:

- «Алматинский Легионмен» өткен матчтар біз үшін нағыз сынақ болды десем болады. Жеңіліске қарамастан, команда ойынның шешуші сәттерінде мінез көрсете білді. Кейбір ширектерде қорғаныстағы агрессиялы ойын мен шаубылға жылдам көшудің арқасында басымдықты өз қолымызға ала білдік. Матчтағы жоғары қарқынды ұстап тұруға, қарсыластың осал тұстарын табуға тырыстық және ол өз нәтижесін берді.
Жас құрамға және мол тәжірибенің жоқтығына қарамастан, барымызды салып, күрес жүргізуге тырыстық. Біз үшін бұл ойындар өз қабілетімізді көрсетіп, тәжірибе жинауымызға мүмкіндік берді.
Әрине, мұндай құраммен ойнау әрдайым қиын. Кейбір ойыншыларымыздың жарақат алуына және тәжірибелі командаластарымыздың ВТБ Бірыңғай Лигасында өнер көрсете бастауына байланысты жауапкершілікті өз мойнымызға алдық. Бірақ, ештеңеге қарамастан, команда соңына дейін күресті.
Қателіктермен жұмыс істеуді және дамуды жалғастырамыз. Біз үшін әр матч – жеке және командалық тұрғыдан өсуімізге көмектесетін жаңа сын және маңызды тәжірибе.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»