«Астана» Қазақстан Ұлттық Лигасындағы жеңіс жолын жалғастырып келеді!
Астаналық клуб Қазақстан Ұлттық лигасы тұрақты чемпионаты аясында сырт алаңда қостанайлық «Тобылды» ұтты. Матчтар 26-27 қаңтар күндері «Қостанай» спорт кешенінде өтті.
«Тобыл» бұл ойындарда өзінің көшбасшы ойыншылары — капитан Шаим Қуанов пен Рустам Валиевсіз өнер көрсетті. Екі ойыншы да жарақат алған ойыншылар тізімінде, дәрігерлердің болжауынша қазақстандық баскетбол жанкүйерлері Шаимді маусым соңына дейін алаңнан көре алмайды.
Бірінші матч «Астана» үшін нәтижелі өтті. Кездесудің алғашқы ширегінде есепте айтарлықтай айырмашылықпен алға шықты — 17:30. Екінші он минуттықта алаң иелері қарқынын күшейтіп, кезең 20:29 есебімен аяқталды. Үлкен үзілістен кейін елордалық клуб ойын тізгінін қайтадан өз қолына алып, есеп айырмасын ұлғайта түсті — 15:31. Кездесу соңында 64:199 есебі тіркеліп, «Астана» кезекті ірі жеңісіне қол жеткізді.
Бұл кездесуде Асқар Майдекин көшбасшы ойыншы атанды. «Астана» орталық ойыншысының есебінде 18 ұпай, 3 рет допты алу мен 2 нәтижелі пас бар. Сонымен қатар, Руслан Айтқали (16 ұпай, 5 рет допты алу, 3 пас) мен Рустам Мурзагалиев (16 ұпай, 5 рет допты алу, 2 пас) ерекше көзге түсті.
Екінші матч алғашқы кездесумен салыстырғанда қиынырақ өтті. «Тобыл» ойынын жақсарта түскені байқалып, командалар кездесу бойы тең дәрежеде өнер көрсетті — 20:27, 18:20, 19:18, 16:23. Кездесу соңына қарай ғана «Астана» матчта айқын көш бастап, жеңіске жете алды. Қорытынды есеп — 73:88 және астаналық клуб Қазақстан Ұлттық Лигасы тұрақты чемпионатындағы жеңіс жолын жалғастырды.
Енді «Астана» Батыс-Азия Супер Лигасындағы кезекті ойынын өткізеді. Елордалық ұжым өз алаңында Иранның «Шархдари Горган» командасын қабылдайды. Батыс-Азия Супер Лигасы тұрақты чемпионаты аясындағы матч 30 қаңтарда «Сарыарқа» велотрегінде өтеді. Матч сағат 19:30-да басталады.