Елордалық клуб ВТБ Бірыңғай лигасындағы кезекті матчын өткізді және қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді, бұл жолы жерлестеріміз сырт алаңда «Самарадан» басым түсті!
Олег Киселевтің шәкірттері биылғы маусымды өз алаңында «Самараны» жеңгенін айта кетейік. Ал бұл жолы «Астана» ойынның алғашқы минуттарынан бастап басымдыққа ие болып, бірінші ширекті 24:13 есебімен өз пайдасына шешті. Ал матчтағы үлкен үзіліске Олег Киселев бастаған команда 13 ұпай айырмашылығымен аттанды. Ойынның екінші жартысында кездесу екі команда тарапынан да тартысқа толы болғанымен, матчтың алғашқы бөлігіндегі басымдық жеңіске жетуге көмектесті – 78:66.
Бұл матчта «Астана» сапынан Карвел Андерсон (20 ұпай), Ройс Хэмм (17 ұпай, 6 допты алу), Девин Дэвис (15 ұпай, 12 допты алу) пен Маркелл Джонсон (11 ұпай, 8 пас, 5 допты алу) үздік деп танылды. Сонымен қатар, Ройс Хэммнің «мельница» данкін ерекше атап өту керек.
«Алдымен «Астананы» жеңісімен құттықтаймын, қарсыласымыз бізге қарағанда сауаттырақ ойнады. Бүгінгі матчқа қатысты жауап алғыларыңыз келетінін білемін, бірақ соңғы айда командада жарақат алған ойыншылар көп екенін айтып келеміз. Саратовта өткен ойыннан кейін де осыны айтуға болатын еді. Ребич, Хокинс, Роберсон мен Гудумак сынды төрт ойыншы жаттығуға қатыспайды. Ал олар – маңызды ойыншылар. Әрине, ойындарға физикалық тұрғыдан дайын болу керек, ал бүгінгі матчтың маңыздылығын түсіне отырып, оған менталды тұрғыдан да әзірлік қажет. Бірақ, біз бұған көп күш салмадық. Егер физикалық тұрғыдан дайын болмасаң, алаңда істеу керек жұмысқа менталдық жағынан да дайын болмайсың. Осы біздің көңіл күйімізді түсірді. Үш ұпайлық соққыларды жасау көрсеткішінің төмендігі? Ұзақ уақыт бойы Лигада дәл осы көрсеткіш бойынша көш басында болдық. Одан кейін командада жарақат алған ойыншылар қатары көбейіп, олардың физикалық тұрғыдан дайындығымен мәселелер туындай бастады. Соңғы он ойындағы статистикамызға назар салсаңыздар, өте нашар нәтиже. Соққы жасау көрсеткіші дәл бүгінгідей болса – 2:21, мықты қарсыласқа ойынды жеңу мүмкін емес. Мәселе соққыда емес. Басты мәселе – алғашқы екі ширекте жеткілікті деңгейде қорғанбауымызда: энергия жоқ, өз позицияң үшін жауапкершілік жоқ, командалық жұмыс жоқ. Мұндай қорғаныспен бүгінгідей ойындарда жеңіске әсте мүмкін емес. Ертеңгеі жиналыста командаға бір сұрақ қоямын: неге алғашқы екі ширекте, үшінші және төртінші ширектерде ойнағандай ойын өрнегін көрсетпедік?», — деп матчты қорытындылады «Самара» командасының бас бапкері Дражен Анзулович.
Енді «Астана» Мәскеуге аттанып, 28 қаңтар күні «Рунаға» қарсы ойнайды.