Рақмет, Алматы!
«Астана» наурызда өз алаңында өткізетін ойындар сериясының соңғы кездесуін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткізді. Оңтүстік астанамыздағы екінші матчта «Астана» МБА командасын қабылдады.
Ойын алдында Мәскеудің «Крокус Сити Холл» концерттік залында болған терактіде қаза болғандар үшін бір минут үнсіздік жарияланды.
Арқасынан алған жарақатынан әлі толық айықпаған Девин Дэвистің құрамға қайта оралғанына қарамастан, матч 54:76 есебімен осымен қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізген мәскеулік команданың пайдасына шешілді.
Қазақстандық клуб сапынан Карвел Андерсон (21 ұпай, 5 рет допты алу), Девин Дэвис (10 ұпай, 8 рет допты алу) пен Маркелл Джонсон (10 ұпай) кездесудің үздік ойыншылары деп танылды.
«Біз үшін маңызды жеңіс. Бірінші кезекте, жоспарлағанымыздай «Астана» көшбасшы ойыншыларына тосқауыл қоя білдік. Қорғаныстағы сауатты ойын бүгін жеңіске жетуімізге көп ықпал етті, өйткені шабуылда сәтті өнер көрсеттік дей алмаймын. Қорғаныстан шабуылға көшетін жақсы сәттеріміз болды, солай оңай ұпайлар олжаладық. Бастысы қорғанысқа құрған жоспарымызды орындай алдық», — деп ойынды түйіндеді қарсылас команданың бас бапкері Василий Карасев.
Команданың плей-ин үшін таласы жалғасып жатыр: енді «Астана» сырт алаңда «МИНСК» (27 наурыз) және «Автодор» командаларына қарсы ойнайды. Одан кейін Фотиос Такианос шәкірттері Қазақстан астанасындағы аренасына қайта оралып, 4 сәуірде «Рунаны» қабылдайды. Билеттер жақын арада сатылымға шығады.