ВТБ Бірыңғай лигасы 2024/2025
Пари Нижний Новгород
Нижний Новгород
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
26.01.2025, 18:00 Жс
Арена: СС «Нагорный» (Нижний Новгород)
66:62
Негізгі уақыт
16:16 22:10 13:17 15:19
Ойын нөмірі:
Көрермен: 1862
Астана
Астана

Соңғы секундқа дейін сақталған шиеленіс

27.01.2025, 12:00    Просмотров: 269
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

Бұл ойынды «Астананың» маусымдағы ең үздік матчы деп айтуға болады. Себебі, жігіттеріміз ойынның алғашқы секундынан соңына дейін нағыз күрес жүргізді. «Пари Нижний Новгородпен» матчта жеңіске тым жақын болдық.

Нижний Ногородтағы «Нагорный» СС алаңында өткен матчтың алғашқы секундтарынан бастап командалар тең дәрежедегі ойын өрнегі мен жеңіс үшін күреске дайын екендіктерін көрсетті. Бұған алғашқы кезеңнің есебі де дәлел – 16:16. Тығыз қорғаныс, позициялық шабуыл мен төмен жылдамдық. Матчтың, тіпті ВТБ Бірыңғай Лигасы аптасының ең маңызды сәті – Григорий Мотовиловтың кезең соңында шалынған ысқырықпен қатар өз алаңынан соққы жасап, діттеген жерін дәл көздеуі!

Екінші ширекте Глеб Плотников шәкірттері қарсылас тарапынан көрсетілген қысыммен бетпе-бет келді. Бұл астаналықтардың ұпай еншілеуін қиындата түсті. Алаң иелері ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, 12 ұпай айырмашылығымен есепте алға кетті.

Үзілістен кейін «Пари Нижний Новгород» басымдығын арттыруға жұмыс істеп, Нэманья Джуришич қатарынан 7 ұпай еншіледі. Алайда әрі қарай жағдай түбегейлі өзгерді. Біздің жігіттер басымдықты өз қолдарына алып, есеп айырмасын алты ұпайға дейін қысқартты. Походяев алаңның орталық тұсынан сенімді шабуыл ұйымдастырса, Смит сақинаның үстінен соққы жасады, ал Айтқали, Мотовилов пен Утоми командаға үш ұпайлық соққыларымен көмектесті.

Қорытынды он минуттықтың басында «Пари Нижний Новгород» есеп айырмасын ұлғайтқан, дегенмен қарсыласқа оңай беріле салу «Астананың» жоспарында жоқ еді. Осылайша, допты тартып алған Рустам Мурзагалиев өз қоржынына бірнеше жылдам ұпайды салды. Данила Походяев алаңның орталық бөлігінен соққы жасаса, Андрей Десятников қарсыластың біздің аймаққа өтуіне кедергі келтірді. Есепте қарсыласты қуып жетуде қатарынан үш ұпайлық соққы жасаған Дэниэл Утоми кездесу қаһармандарының бірі атанды. Әрі ол осы ойында ұпай бойынша мансабындағы ең үздік матчын көрсетті – 29 ұпай. Команда есеп айырмасын төрт ұпайға дейін қысқартқанымен, өкінішке қарай, жеңіске жете алмады. Допқа соңғы рет иелік етуде фол жасау қолымыздан келмеді, ал жағдайды түзеуге уақыт жетпей қалды.

 «Пари Нижний Новгород» — «Астана» 66:62 (16:16, 22:10, 13:17, 15:19)

«Пари Нижний Новгород»: Нэманья Джуришич (23 ұпай, 7 рет допты алу), Александр Хоменко (17 ұпай), Сергей Зоткин (7 ұпай, 5 пас).

«Астана»: Даниэл Утоми (29 ұпай), Григорий Мотовилов (16 ұпай, 4 пас), Данила Походяев (7 ұпай, 10 рет допты алу)

 Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:

«Ойынның екінші ширегінен басқа кезеңдерін өте жақсы өткіздік деуге болады. Оған қоса, шабуылдағы қателіктер мен допты алу кездесу тағдырына ықпалын тигізді. Қарсылас көлем, бой мен физикалық күш жағынан бізден мықтырақ. Шәкірттерім допты алуда күрес жүргізбеді деп айта алмаймын, алайда қарсыластың осы көрсеткіштегі артықшылығы анық байқалып тұрды».

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2000 Клубтық түстері: ақ, қара
Мемлекет: Ресей Арена: СС «Нагорный»
Қала: Нижний Новгород Сайт: www.nn-basket.ru

Сипаттамасы

«Пари Нижний Новгород» – ресейдің ерлер арасындағы баскетбол клубы, Нижний Новгород қаласынан, 2000 жылы құрылған.

Жетістіктер:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2010
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2011, 2018, 2019
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2013/2014
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014