Рустам Ерғали: Мақсат сол бұрынғы – плей-оффқа ілігу

21.09.2018, 12:00    Оқылғаны: 2143
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Әсем Миржекеева
Дәл қазір «Астана» баскетбол командасы Литвада маусым алдындағы дайындығын өткізіп жатыр. 22 қыркүйек күні жолдастық кездесу өткізеді. Жаңа 2018/2019 маусымы дайындығының қалай өтіп жатқандығы мен алға қойылған мақсаттар жайлы команда капитаны, харизмалық көшбасшысы Рустам Ерғали баяндап берді.

– Рустам, команда қазір не істеп жатыр?
– Біз Литваға алдыңгүні келгенбіз. Бүгін «Астана» толық құрамда бірінші жаттығуын өткізді. Маусымның басталуы мен ЦСКА командасымен өтетін бірінші ойынға дейін аз ғана уақыт қалды. Бапкеріміз тактикалық жоспарымызды жете түсіндіруге тырысып жүр. Бізде темірдей қатаң тәртіп қалыптасқан, оны бас бапкер де қолдап отыр. Жігіттер де тырысып жүр.  

– Жаңадан қосылған легионерлер қалай? Командаға судай сіңіп кете алды ма?
– Олар бәріне үйренісіп, төселіп қалды. Тез тіл табысып кеттік, енді бәріміз тізе қоса алдағы ойындарға дайындалып жатырмыз.

– ЦСКА командасымен өтетін матч алдында толқу біліне ме?
– Қазір қайдағы толғаныс? Толқу тура матчтың алдында, бірер сағат қалғанда болуы мүмкін. Онда да алаңға шыққан соң бәрі тарап кетеді. Әрі бұл біздің ЦСКА баскетболшыларымен бірінші рет кездесуіміз емес қой.



– Айтпақшы, сіз осыдан бірер күн бұрын құрлық асып, Ұлттық құрамамен сонау Австралияға да барып келдіңіз. Алған әсеріңіз қандай?
– Шынымды айтсам, бізде Австралияның барлық әсемдігінен ләзат алатын мүмкіндік болған да жоқ. Біріншіден, уақытымыз өте аз болды. Әрі 80 мыңдай ғана тұрғыны бар, Бендиго деген шаған қалада ойнадық. Қызық, бұл қаладағы үйлердің биіктігі үш қабаттан аспайды.    

– Ал кенгуру немесе үйректұмсық көрдіңіздер ме?
– Тек кенгуру. Негізі, біздің уақытымыздың көбісі жолға кетті. Жалпылама айтқанда, 48 сағатта Австралиядан Литваға дейін бес елдің үстінен ұшып өттік.

– Команда құрамы қайта жасақталды, десек те болар. Қатарларыңызға жаңадан төрт легионер қосылды. Жаңа маусым алдындағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Не күтесіздер?
– Әр маусым қарсаңындағыдай, қайталап айтамын, басты мақсатымыз – плей-оффқа ілігу. Әрі қарай көре жатармыз.

Суретте: команда капитаны Рустам Ерғали


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»