Нұр-Сұлтанда «Kids EXPO. Балалар Әлемі» жәрмеңкесі көмбесіне жетті.
«Астана» стенді кішігірім баскетбол шығыршығы бар ойын алаңы мен бірнеше доптан құралды. Балалардың оған кез келген уақытта келіп, волонтерлармен және клубтың бойтұмары Сэммимен бірге шығыршыққа доп лақтырып, үйренуге мүмкіндіктері болды.
Сонымен қатар, «Астана» жәрмеңке кезіндегі әр күнге ерекше бағдарламалар дайындап барды. Мәселен, 17 тамыз күні жәрмеңкеге елорда командасының және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Руслан Айтқали қатысты. Ол фото- және қолтаңба-сессиясын өткізді. Әрі балалармен бірге шығыршыққа доп лақтырды. Баскетбол бәйгелеріне қатысқан өрімдей жеңімпаздарға клуб тарапынан сыйлықтар табысталды.
Келесі күнгі қонағымыз орталық шептегі Асқар Майдекин болды. Ол футбол клубының қақпашысы Александр Заруцкий үшін шығыршыққа доп салудан шеберлік сабағын өткізіп, содан соң өзі футбол қақпасына тұрып, біраз жаттықты. Ол да, Руслан секілді ниет танытқандардың бәріне қолтаңба үлестіріп, клуб тағайындаған әр түрлі сыйлықтармен бәйгелер өткізді. Сонымен қатар, челлендждердің бірінің жеімпазына Асқар шоколадпен қапталған құрма сыйлады.
Жұма және сенбі күндері «Kids EXPO. Балалар Әлемі» жәрмекесіне Академия жеткіншектері келді. Олар кішкентай балалар үшін баскетбол бәйгелерін ұйымдастырды. Сондай-ақ, Қазақстан баскетбол федерациясымен бірге Ұлттық құраманың алдағы Қытай құрамасымен өтетін ойынын кіруге болатын билеттер ойнатылды.
Стенд ақпараттық функцияны да атқарды: «Астана» қызметкерлері жәрмеңкеге келгендердің бірінші командамыз бен балалар үйірмелері туралы сұрақтарыңызға жауап беріп, брошюралар мен визиткалар үлестірді. Жәрмеңкенің арқасында ата-аналар клуб Академиясына өз балаларын әкеле алатын мүмкіндіктері жайлы білді.