Аңдатпа: Пари Нижний Новгород — Астана

12.11.2024, 14:00    Оқылғаны: 250
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Бағыт – Нижний Новгород

Маусым күнтізбесінің тығыздығы сонша, Глеб Плотников шәкірттерінің демалысқа уақыты жоқ. ВТБ Бірыңғай Лигасында көшбасшылардың бірі «Локомотив-Кубань» командасымен ойыннан кейін бірден сырт алаңға аттандық. Қарсыласымыз — «Пари Нижний Новгород». Бұл команданың қандай мықты және осал тұстары бар, зерттеп көрейік.

Оңай шағылар жаңғақ емес

Бұл команданың 2024/2025 жылдар маусымындағы өнерін осылай суреттеуге болады, себебі Сергей Козин шәкірттері чемпионат көшбасшыларымен қалай тең дәрежеде ойнау керектігін жақсы біледі. 5 қазанда олар өз алаңында ЦСКА-ны кездесудің соңғы секундтарында жеңіп кетті (77:75), одан соң Санкт-Петербургте «Зенитен» 3 ұпай айырмашылығымен жеңіліс тапты (81:78). Велимир Перисович бастаған қазандық командамен күреске толы ойын өткізді – 73:81. Қазір «Пари Нижний Новгород» турнирлік кестеде бесінші орында тұр. Команда 7 ойында жеңіске жетсе, 6 рет қарсыласына есе жіберген.

Зоран Лукичтің ізі немесе жаңа дүние?

Нижний Новгород қаласы командасы десе, бәрінің есіне баскетболдан Ресей ұлттық құрамасы түседі. Өйткені, мұндай ұлттық құрама ойыншыларының біраз бөлігі өнер көрсетеді. Биыл Лукич көмекшісі Сергей Козиннің келуімен біраз нәрсе өзгерген болуы мүмкін. Андрей Воронцевич «Зенитке» кетті, Михаил Беленицкий өткен маусымды «УНИКС»-те аяқтады, Владимир Ивлев жақында «Уралмашпен» келісімшартқа қол қойды. Алайда Дэвид Блатт пен Евгений Пашутиннің кезіндегі Ресей құрамасымен танымал ойыншыларды алаңнан көруге болады, олар: Дмитрий Хвостов (орта есеппен 19 минут), Евгений Бабурин (21 мин).

Биыл команда сапын ұлттық құраманың тағы бір ойыншысв – Александр Хоменко (17 минут, 4.5 ұпай) толықтырды. Ол Нижний Новгород қаласы командасына МБА-дан ауысты. Хоменкоға қарсы қорғану өте қиын. Сонымен қатар, ол алаңда Дмитрий Хвостовқа көмектесе алады. Бапкер алдыңғы шепте бұрын «Široki» (Босния және Герцеговина) командасына ойнаған америкалық Зак Наталл (23 минут, 12.0 ұпай) мен ҰБА аңыз ойыншысы Джонни Доукинс (Филадельфия-76, Детройт Пистонс және т.б.) ұлы Обри Доукинске (11.9 ұпай) есеп жасай алады. Обридің ЦСКА-ға қарсы ойында жасаған соққысы командаға жеңіс сыйлаған.

Ойыншылар жетіспей ме, әлде жаңа бапкерлік стиль ме?

Нижний Новгород қаласы ұжымынан жақсы командалық қарым-қатынас, өзара түсіністік байқалғанымен, барлық баскетболшы бірдей Сергей Козиннің жүйесіне үйренісе қойған жоқ. Біріншіден, америкалық Кейси Шепардты денсаулығы мазалап жүр. Оның дізесінде созылмалы жарақаты бар. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, ол маусым соңына дейін командаға көмектесе алмайды. Екіншіден, бірнеше күн бұрын команда сапынан шабуылшы ДжаКинан Гант кетті. Маусым басында оның «Локомотив-Кубаньмен» келісімшартқа қол қоятыны туралы қауесет болған. Үшіншіден, 3х3 баскетболдан 2020 жылғы Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Илья Карпенковтің (орта есеппен 8 минут) ойын көрсеткіші қарапайым. Ол «Пари Нижний Новгород» сапын Суперлигадағы «Химки» командасы құрамындағы ойынынан кейін толықтырған.

Кездесулер тарихы

Бұған дейін екі клуб өзара 26 кездесу өткізген. Оның 21-інде «Пари Нижний Новгород», бесеуінде «Астана» жеңіске қол жеткізді. 2024/2025 жылдар маусымында «Астана» өз алаңында Нижний Новгород қаласы командасын қабылдап, 62:90 есебімен жеңіліс тапқан.

«Астана» БК ойыншысы Александра Оразбеков алдағы кездесу туралы:

«Пари Нижний Новгород — турнирлік кестеде 5-орында келе жатқан мықты қарсылас. Алайда біз жеңіс үшін аянып қалмаймыз. Менің міндетім өзгерген жоқ — бапкердің тапсырмасын орындап, өз ойынымды көрсету. Бапкерлер құрамының артқан сенімін бағалаймын, бұл сенімділігімді арттыра түседі. Бойымда прогресс бар екенін байқаймын, алайда бұған команданың қолдауынсыз қол жеткізу мүмкін емес»

“Астана” БК бас бапкерінің міндетін атқарушы Глеб Плотников алдағы ойын жайлы:

«Пари Нижний Новгород – діңі мықты команда, мұнда ұзақ уақыт бойы бірге ойнайтын ресейлік баскетболшылар мен өте мұқият таңдалған легионерлер өнер көрсетеді.
Бұған дейінгі матчтағыдай өз ойынымызға зейін қойып, бірдей қателіктер жібермеуге тырсуымыз керек және бар жан-тәнімізді салып ойнауымыз қажет. Осының арқасында ғана нәтижеге қол жеткізуге болады».

Матч: Пари Нижний Новгород – Астана
Күні мен уақытя: 13 қараша, 21:00
Өтетін орны: Нижний Новгород, «Нагорный» МОСК
Трансляция: Астана КБК сайты мен ВТБ Бірыңғай Лигасы сайты



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»