2-3 ақпанда «Астана» Қазақстан Ұлттық Лигасы аясында өз алаңында «Барсы Атырау» командасын қабылдады.
Бұл жолы астаналық ұжым өз тәрбиеленушілерімен, атап айтса, маусым басындағы құраммен ойнады. Бірінші матчта екі команда да тең дәрежедегі ойын өрнегін көрсетті. Бірінші ширекті алаң иелері өз пайдасына жазды – 21:17. Команда капитаны Мағжан Сәрсенғалиев кездесудің алғашқы минуттарында-ақ қатарынан 3 үш ұпайлық соққы жасай білді. Ал екінші және үшінші ширектерде командалар тең тарқасты – 19:19 және 13:13. Қарсылас есепте бізді қуып жеткендей болған, алайда Сардал Абашидзенің соққысы кездесу барысын өзгертті. Матчтың қорытынды бөлігінде «Астана» допқа көбірек иелік етіп, нәтижесінде команда жеңіске қол жеткізді – 69:60. Ойында 20 ұпай олжалаған Мағжан Сәрсенғалиев кездесудің үздік ойыншысы деп танылды. «Астана» ойыншысы бұл ұпайды кездесудің алғашқы жартысында еншіледі. Себебі, матчтың екінші жартысындағы ойын сәттерінің бірінде Сәрсенғалиев табанынан жарақат алып қалды.
Сардал Абашидзе 12 ұпай, 4 рет допты алумен көзге түсті. Александр Оразбеков те 12 ұпаймен еншілеп, өз есебіне тағы 3 рет допты алу мен 6 нәтижелі пасты жазды.
«Астананың» шабуылдаушы қорғаушысы Әмірәли Сүлейменовтің бірінші ойынға жасаған қорытындысы:
- Шынын айтқанда, біз осындай күрес боларын біліп, дайындалдық. Оған қоса, бізде қандай да бір тоқырау болды. Ойыншылардың кейбірі негізгі команда құрамында ойнады, ал бүгін маусым басында жоспарланғандай бәріміз бірге өнер көрсеттік. Жаңа маусым басынан бері ұйымдастырып, дайындаған баскетболымызды бүгін көрсете алдық.
Серияның екінші матчы нәтижелі болды. Құрамға Әлижан Ыдырысжан қосылды, ал команда капитаны міндетін атқару Валерий Симоновке сеніп тапсырылды. Кездесу басында «Астана» басымдықты өз қолына алды. Бұл кездесуде Александр Оразбековті тоқтату мүмкін болмады, ойыншының нәтижелі соққылары бірінен соң бірі жалғасып жатты – 20:9. Екінші он минуттық алғашқы ширек сияқты нәтижелі болмағанымен, елордалық ұжым бұл кезеңде де үздік шықты – 16:12. Кездесудің ең қызықты бөлігі үлкен үзілістен кейін басталып, алаң иелері әдемі ойын өрнегін көрсетті. Сақина астында тұрған Әмірәли Сүлейменов әріптесі Валерий Симоновқа пас берді. Арада бірнеше минут өткенде Әмірәли қарсыластың бірнеше ойыншысын алдап өтіп, жас ойыншы Санжар Әубәкіровке пас беріп, ол болса әдемі данкпен шабуыл нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 79:60 және алаң иелерінің сенімді жеңісі. Осы ойында мансабындағы үзідк нәтижені тіркеген Александр Оразбеков кездесудің MVP ойыншысы деп танылды. Оның еншісінде – 24 ұпай, 5 рет допты алу мен 4 нәтижелі пас. Соныдай-ақ, Валерий Симонов 13 ұпай және 4 рет допты алумен көзге түсті. Ал Сардал Абашидзе тағы да матчтың үздік ойыншыларының үштігін түйіндеді – 11 ұпай, 7 рет допты алу.
Бұл – елордалықтардың осы айда өткізетін жалғыз матчтар сериясы. Себебі, командаға «Ақтөбемен» ойындар үшін техникалық жеңіс жазылды. Енді командамыз 1-2 наурызда Атырауда «Барсы Атырауға» қарсы ойнайды.
«Астана» бас бапкері Михаил Лоншаков қос кездесуді қорытындылады:
- Біріншіден, команда толыққанды құрамында өнер көрсетті. Жігіттерге осы энергия жетіспеді. Өйткені, маусым бойы осы құраммен ойнаймыз деген жоспарымыз болған. Кей жағдайларға байланысты кейбір ойыншылар ВТБ Лигасында ойнайтын команда сапында өнер көрсете бастады, сондықтан ішкі біріншілікте әртүрлі құраммен ойнадық. Әрине, жігіттер бір-бірін сағынған және бапкерлер тапсырмасын бұлжытпай орындады деуге болады. Қорғаныста агрессиялы ойын өрнегін көрсеттік, қарсыластың көшбасшыларына кедергі келтіре білдік. Бұл біздің шабуылға жылдам көшуімізге және оңай ұпайлар олжалауымызға көмектесті. Ойынға құрған жоспарымыздың арқасында екі матчта да жеңіске жеттік.
Мұндай құраммен ойнау жеңілірек, әрине, алайда біздің басты мақсатымыз – ойыншыларымыздың ВТБ Лигасындағы өз орнын алуы. Керісінше, ВТБ Лигасында ойлағандары жүзеге аспай жатса, көңілім түседі. Егер бірінші командада жақсы ойнаса, біз мақсатымызға қол жеткіздік деген сөз.
- Мұхаммедәли Сайранов Қостанайға сапарға шығуымызға бір күн қалғанда жаттығуда жарақат алып қалды. Қазір оңалту процесінен өтіп жатыр, алаңға қашан оралатыны әзірге белгісіз. Мағжан бірінші ойыннан кейін жарақат алды, бірақ қорқынышты ештеңе жоқ. Жақын арада команда сапына қайта қосылады деп сенемін.