«Астана Жастар» қатарынан бес матчта жеңіске жетті

25.02.2025, 17:00    Оқылғаны: 146
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана Жастар» командасы Ұлттық Лига ерлер клубтарының 21 жасқа дейінгі жастар командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының төртінші турына қатысты. Елордада өткен турда «Астананың» жастары бес матч өткізіп, барлық кездесуде сенімді жеңіске қол жеткізді. Астаналық баскетболшылары «Ақтөбе-фарм», «Барсы Атырау-фарм», «Тобыл-фарм», «Ertis 2» және «Алматинский Легион-М» командаларына қарсы ойнады.

Ойындар нәтижесі:

«Ақтөбе-фарм» — «Астана Жастар» 83:101
«Астана Жастар» — «Барсы Атырау-фарм» 70:51
«Астана Жастар» — «Тобыл-фарм» 96:55
«Астана Жастар» — «Ertis 2» 100:52
«Алматинский легион-М» — «Астана Жастар» 77:92

Командамыз сапынан Әмірәли Сүлейменов үздік нәтиже көрсетті. «Астананың» шабуылдаушы қорғаушысы тур аясында орта есеппен 17 ұпай еншілеп, 7 рет допты алып, 5.8 пасты өз есебіне жазды. Сондай-ақ, ол төртінші тур барысында трипл-дабл жасаған жалғыз ойыншы атанды.

16 жастағы Санжар Әубәкіров те нәтижелі ойын өрнегімен көзге түсті. Орталық ойыншы орта есеппен әр ойында 9 ұпай олжалап, 6 рет допты алған. Санжар осы турда дабл-дабл жасаған «Астананың» жалғыз ойыншысы.

Захар Медовскойды да атап өту керек. Шабуылдаушы қорғаушы 4 ойынға қатысып, әр матчта орта есеппен 11 ұпай олжалаған.

«Астана Жастар» бапкері Михаил Лоншаков пен шабуылдаушы қорғаушы Захар Медовской турға қорытынды жасады.

Михаил Лоншаков, «Астана Жастар» бапкері:

- Ұлттық Лигадағы үзілісті пайдаланып, фарм-командадағы баскетболшылар ойын тәжірибесін алуы үшін оларды «Жастар» сапына қостық әрі қарсыластың мүмкіндігін сынап көрдік. «Барсы Атырау» мен «Алматинский Легион» турға толық құрамдарымен келген жоқ. Финалда олардың құрамы мықты болады. Жалпы, нәтижеге көңілім толады. Жігіттер мінез көрсетті, тапсырманы орындады, қорғаныста агрессия көрсете алды, және жылдам шабуылға көшуге және жақсы шабуылдар ұйымдастыруға жағдай жасады. Осының арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Барлық ойында сенімді жеңіске қол жеткіздік деуге болады. Жігіттерге атқарылған жұмыс, жанкүйерлерге көрсеткен қолдау үшін алғыс айтамын! Өз алаңында ойнау әрдайым керемет әсер сыйлайды әрі өз көмегін де тигізеді. Оған қоса, құрамға өзгеріс енгіздік. Тәжірибе жинасын деген мақсатта қатарға жастарды қостық.

Захар Медовской, «Астана Жастар» шабуылдаушы қорғаушысы:

- Командамыз төртінші турды сәтті өткізді әрі жарқын жеңістерге қол жеткізді. Бірінші матчтан бастап жоғары қарқындағы ойын өрнегін көрсеттік және соңына дейін оны бәсеңдетпедік. Әр матчтың өзіндік қиындығы болды, алайда ұйымшылдық, бапкер тапсырмасын орындау мен жеңіске жетуге деген құштарлықтың арқасында командамыз барлық ойында жеңіске жетті.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»