«Астананың» америкалық ойыншысы Ти Джей Старкс: «Командаға Кайри мен Яннисті шақырушы едім»
«Астананың» ойыншысы Ти Джей Старкс – қазіргі таңда команданың көшбасшы ойыншыларының бірі. Sports24.kz сайтына берген сұхбатында америкалық баскетболшы бірқатар қызықты сұрақтарға жауап берді.
- Ти Джей, Нижний Новгород қаласы командасына қарсы өз алаңыңызда өткізген матчта 23 ұпай жинап, ерекше көзге түстіңіз. Нәтиже үшін қуаныштысыз ба?
- Жеңіліске ешқашан көңілім толмайды. Команда жеңіске жетуі үшін барымды салдым, алайда қолымнан келген жоқ. Нәтиже басқаша болғанын қалап едім, алайда кейде бәрі біз ойлағандай бола бермейді.
- Астанада «Уралмашқа» қарсы өткізген матчта да нәтижелі ойын өрнегін көрсеттіңіз (13 ұпай). Командаға пайдаңыз тиіп жатыр деуге болады, көңіліңіз тола ма?
- «Уралмашпен» кездесуде одан да жақсырақ ойнап, командаға көбірек пайдамды тигізгім келген. Өз ойыныма көңілім біткен жоқ әрі жеңіліс те нәтиже ретінде мені қанағаттандырмайды.
- Сырт алаңда «Пармамен» (106:73) өткен ойында тағы да нәтижелі ойын өрнегіңізбен көзге түстіңіз. Матчта 17 ұпай еншілеп, кездесу қорытындысында «Астана» сапындағы ең нәтижелі ойыншылардың бірі атандыңыз. Матчтан қандай эмоция алдыңыз?
- Бұдан да жақсы ойнауды қалар едім. Шынын айтқанда, жарақаттан кейін әлі де болса өз ойынымды табуға тырысып жатырмын. Жалпы, біздің команда ретінде көбірек күрес жүргізіп, жеңіске деген ынтамызды көбірек көрсеткенімізді қалаймын. Бірақ, бәрі барын салды. Мен, жеке өз басым үлкен ұпай айырмашылығымен жеңіліс тапқанды жек көремін.
- Алдағы ойындардан не күтесіз?
- Ендігі ойындарда бірнеше жеңіске қол жеткізіп, маусымда жақсы көңіл-күйде аяқтаймыз деп сенемін.
- «Астана» ВТБ Бірыңғай Лигасы турнирлік кестесінде 12-орында келеді, дегенмен қазақстандық команда ойынынан қандай позитивті сәттерді атап айтуға болады?
- Командада маусым басынан бері көп ойыншы жарақат алды, өте көп мәселемен бетпе-бет келдік. Бұл бізге ештеңеге қарамастан, күрес жүргізуді жалғастыру керектігін көрсетті.
- «Астанаға» дейін сіз әлемнің әртүрлі елінде 7 командада ойнадыңыз. Қай елде және қай командада ойнаған кезіңіз ерекше есте қалды?
- Грекияның Родос қаласының командасы «Колоссоста» ойнаған кезім ерекше есте қалды. Мұнда біз аралда ойнайтын едік, сондықтан ауа райы үнемі жақсы болатын, ал командада әріптестерімнің бәрі дерлік ардагер ойыншылар болды. Жасы үлкен баскетболшылармен ойнау қызықты еді. Онда екінші жыл өнер көрсетіп жатқандықтан, айтарлықтай қысым болған жоқ. Еркін ойнадым десем болады.
- Сүйікті баскетболшыңыз кім және ҰБА-да қай командаға жанкүйерсіз?
- Сүйікті ойыншыларым – Леброн Джеймс, Стеф Карри мен Кайри Ирвинг және олар өнер көрсететін команда – менің сүйікті ұжымым.
- Биылғы маусымда қай команданың ҰБА чемпионы атануға мүмкіндігі көбірек?
- «Лос-Анджелес Лейкерстің» жеңімпаз атануға мүмкіндігі жоғары деп ойлаймын.
- Луки Дончичтің «Лейкерс» сапына ауысуы жайында қандай пікірдесіз? Леброн мен Лука жұлдызды тандем бе?
- Лука менің туған қаламда ойнады, сондықтан оның басқа командаға ауысқанын көру ұнады деп айта алмаймын. Бірақ, ол менің сүйікті ойыншыларымның бірімен бір командада өнер көрсетіп жатыр. Жасырып қайтемін, екеуі өте жақсы тандем.
- Егер сізге ҰБА жұлдызды ойыншыларын Астанаға шақыр десе, кімді шақырар едіңіз? Кіммен бір командада ойнағыңыз келеді?
- Кайри Ирвинг пен Яннис Адетокунбоны міндетті түрде шақырар едім.
- Қазақстанда не ұнайды? Қазақстанның мәдениеті мен асханасы туралы не айтасыз? Астанада сүйікті жерлеріңіз бар ма? Бәлкім, сүйікті мейрамханаңыз бар болар.
- Маған қаланың заманауилығы ұнайды. Жаңа шаһар, Далласты еске салады. Себебі, Далласта барлығы қазіргі заманға сай жасалған. Қазақстанның кейбір тәттілерін сүйіп жеймін. Қазіргі таңда «балды тортты» жегенді ұнатамын. Ал сүйікті мейрамханам – Lou Lou.
Сұхбатқа сілтеме: https://sports24.kz