«Астана» баскетбол клубы Қазақстан Ұлттық Лигасы чемпионы үшін атаққа таласты бастайды. Плей-оффтың алғашқы кезеңінде елордалық ұжым «Барсы Атырау» командасымен кездеседі. Матчтар 14-15 сәуір күндері Атырауда өтеді. Екі кездесудің де басталу уақыты – сағат 19:30-да.
Кездесулер тарихы
Қазақстан чемпионатының барлық маусымдарында «Астана» мен «Барсы Атырау» жалпы 68 рет кездесті. Олардың ішінде 57 кездесуде астаналық команда жеңіске жеткен. Командалар бір-бірімен соңғы рет 2025 жылдың 3 ақпанында ойнап, «Астана» қарсыласын өз алаңында 79:60 есебімен сенімді түрде ұтты. Биылғы маусымдағы өз алаңындағы матчтар сериясы аясында да елордалық ұжым жақсы нәтиже көрсетіп, атыраулық команданы екі рет жеңіп, 4 ұпай олжалады. Қос команданың өзара кездесулері аясындағы ең ірі есеп 2019 жылдың 6 ақпанында тіркелген. Онда «Астана» қарсыласын 55 ұпай айырмашылығымен жеңген еді – 109:65.
Плей-офф
Ал плей-офф кезеңі аясында командалар 15 рет кездескен. Кездесулердің барлығы Қазақстан Ұлттық Лигасы финалында өткен және «Астана» 12 матчта жеңіске жеткен. Осылайша, елордалық ұжым бірнеше маусым бойы өз мықтылығын дәлелдеді. Алайда атыраулық команда – кез келген қарсыласына әрдайым лайықты күрес көрсете алатын ұжым.
Серия қарсаңында: командалар қандай формада?
«Астана» мықты клубтарға қарсы ойнап, теңдессіз тәжірибе жинайтын ВТБ Бірыңғай Лигасындағы маусымын аяқтады. «Барсы Атырау» болса, өз кезегінде Ұлттық Лиганың тұрақты маусымын сәтті өткізіп, қазір жақсы физикалық формада әрі команда өз алаңында әрдайым сенімді ойын өрнегін көрсетеді.
Командалардың көшбасшы ойыншылары
«Астана» сапында тұрақты түрде шабуылдаушы қорғаушы Әмірәли Сүлейменов көзге түседі. Ол әр ойында орта есеппен 10,75 ұпай еншілейді. Сардал Абашидзе екі ұпайлық соққыларды (53,76%), ал Захар Медовской үш ұпайлық соққыларды жүзеге асыру көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Захар Медовской үш ұпайлық соққы аймағынан жасаған әр екінші соққысын жүзеге асыратынын айта кету керек.
Ал «Барсы Атырау» командасы сапында Аамер Мухаммад, Рамазан Самсин мен Абат Марат атыраулық ұжымның маңызды ойыншылары болып қала беріп отыр.
Бапкер мен ойыншының серия алдындағы пікірі
Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:
— Алдағы ширек финалдық серияға дайындығымыз жоғары деңгейде. Плей-оффтың әр ойынының маңызды және құнды екенін жақсы білеміз.
Асқар Майдекин, «Астана» БК орталық ойыншысы:
— Қазақстан Ұлттық Лигасындағы ойындар сериясын бастаймыз. Бізді алда «Барсы Атырауға» қарсы қиын ойындар күтіп тұр, дегенмен біз толықтай дайынбыз. Қарсыласты талдадық және күреске дайынбыз. Кәсіби мансабымды бастаған қалаға қайта баратыныма қуаныштымын. Атыраудағы алаң жанкүйерге лық толы болары анық, сондықтан ойындар бізге де оңайға соқпайды.
Матч: «Барсы Атырау» — «Астана»
Күні мен уақыты: 14-15 наурыз, 19:30
Өтетін орны: Атырау, AIROM ARENA
Трансляция: клуб сайтында