«OTANDASTAR Cup» Астанада
2025 жылдың 13 сәуірінде елордада «Астана» баскетбол академиясында қандастар арасында 3х3 баскетболдан турнир өтті. Жарыс «Отандастар» қоры мен «Астана» баскетбол клубының ұйымдастыруымен өткізілді.
Турнирде шамамен 100-ге жуық қатысушы бақ сынады. Олар елімізге Моңғолиядан, Қытай мен Өзбекстаннан келген студенттер. Сайысқа қатысқан 24 команда турнирдегі жарыс жолын топтық кезеңнен бастады. Үздік сегіз команда плей-оффқа жолдама алып, осылай жүлдеге талас басталды.
«Ховд» командасы турнир жеңімпазы атанса, «Predators» күміске қол жеткізді. Ал «ААА ЕНУ» командасының баскетболшылары үздік үштікті түйіндеді.
Турнирдің басты мақсаты – қандастар арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бірлікке ұмтылу мен жастардың спорттық рухын арттыру.
Командаларды марапаттау рәсіміне қатысқан «Астананың» орталық ойыншысы Абылайхан Жандарбек турнирге қатысты пікірімен бөлісті:
- Турнир жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары, атмосфера да керемет. Жігіттер керемет ойын өрнегін көрсетті, мұндай матчтарды көру де ерекше әсер сыйлайды. Осындай турнирлер көп болады деп үміттенемін!