WASL топтық кезеңінің алғашқы матчында Al Riyadi командасына есе жібердік

12.05.2025, 18:00    Оқылғаны: 49
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Бейрутте басталған FIBE West Asia Super League (WASL) финалының топтық кезеңі аясындағы алғашқы матчын өткізді. Командамыздың қарсыласы — турнир фавориттерінің бірі Al Riyadi ұжымы болды. Матч 93:58 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.

Бірінші ширек тең дәрежедегі күреспен өтті. «Астана» сенімді ойнап, әсіресе Андрей Десятников жергілікті жанкүйерді данктарымен таңғалдырып, қошеметке бөленді. Бірінші он минуттық қорытындысындағы есеп — 23:15, Al Riyadi алда.

Екінші кезеңде алаң иелері басымдықты арттыра түсті. «Астана» қорғанысы қанша тырысқанымен, қарсыласқа төтеп бере алмады. Командалар үлкен үзіліске 43:29 есебімен аттанды.

Ойынның үшінші бөлігі кездесу тағдырына тікелей әсер етті. Al Riyadi бар күшін салып, ширекті 26:12 есебімен өз пайдасына жазды. Бейрут қаласы командасы ауысым кезінде шапшаң болып, алаңда дәлдік танытты. Шешуші ширек алдындағы есеп — 69:41.

Төртінші кезеңде ойын барысы өзгерген жоқ: Al Riyadi матч қарқынын өз бақылауында ұстауды жалғастырды, ал «Астана» есеп айырмасын қысқарта алмады. Қорытынды есер — 93:58, алаң иелерінің жеңісі.

Бұл кездесуде «Астана» сапынан бірнеше ойыншыны ерекше атап өтуге болады. Десятниковтің дабл-дабл жасауына бір ғана допты алу жетіспеді — 17 ұпай, 9 рет допты алу. Ти Джей Старкс 17 ұпай еншілеп, 5 рет допты алып, 5 пас жасады. Руслан Айтқали өз есебіне 12 ұпай мен 8 рет допты алуды жазды.

Глеб Плотников, «Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы:

— Алдымен «Аль Рияди» командасын құттықтаймын, өте жақсы ойнады. Біздің құрамда әлі де болса мәселелер бар, ВТБ Бірыңғай Лигасында күнтізбе тығыз әрі маусым ұзақ болды. Маңызды ойыншыларымыз жарақат алды. Бүгін екінші командада ойнайтын бесінші поинтгардымыз жарақат алып қалды, орталық ойыншымыз Асқар Майдекиннің де жарақаты бар. Алайда біз осы құраммен ойнауымыз керек. Баскетболшылар орынға талачып, тұрақты маусымдағы жауапкершілікті бөліскен кезде, олардан жақсы нәтиже күту қиын. «Аль Рияди» әрдайым осылай ойнайды — жоғары қарқын, тең дәрежедегі ойыншылардан жасақталған құрам. Біз осыған қарсы тұра алмадық. Өз ойыншыларыммен мақтанамын, олар берілмей, соңына дейін ойнады. Ал матч нәтижесі таблода.

Андрей Десятников, «Астана» БК орталық ойыншысы:

— Қарсыласты жеңісімен құттықтаймын. Олар жоғары жиілікпен ойнады, ал біздің құрам шектеулі, сондықтан ешнәрсе жасай алмадық. Ойынның алғашқы жартысында жақсы ойнадық деуше болады, алайда үшінші және төртінші ширектерде қарсылас допқа көп иелік етті, шабуылға жылдам ауысты. Біз бұған қарсы тұра алмадық. Қарсылас ойыншылары талантты, ірі денелі, алайда біздің команда да күресті.

«Астана» турнир аясындағы келісі ойынын 12 мамырда Сауд Арабиясының Ittihad клубына қарсы өткізеді.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»