2025/26 жылдар маусымында «Астана» баскетбол клубының ерлер командасы екі тұрақты чемпионатқа — FIBA WASL және Қазақстан Ұлттық Лигасына қатысады.
Клуб өз тарихында алғаш рет FIBA Asia ұйымдастырған, Батыс Азия, Парсы шығанағы, Үндістан мен Қазақстаннан келген командалардың басын қосатын аймақтық баскетбол турнирі — Батыс-Азия Супер Лигасында (FIBA WASL, West Asia Super League) бақ сынайды. Жарыс екі субаймақ — Gulf League және West Asia League бойынша өткізіледі. Жеребе тарту қорытындысында «Астана» West Asia League-те бақ сынайтын болды. Қатысушылар құрамы мен ойын күнтізбесі қосымша жарияланады.
Астаналық команда Қазақстанның Ұлттық Лигасында өнер көрсетуін де жалғастырады. Былтырғы маусымда елордалық ұжым ел чемпионы атанған еді.
«Астана-Жастар» командасы 2025/26 жылдар маусымында ВТБ Бірыңғай жастар Лигасында дебют жасайды. Чемпионатта 14 команда бақ сынайды, оның екеуі — шетелдік ұжым. «Астана-Жастар» тұрақты чемпионатта 52 ойын өткізеді, 26 кездесу «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді.
Одан бөлек, клубтың екі — негізгі және жастар командасы — 15-20 қыркүйек күндері Атырауда өтетін 2025 жылғы Қазақстан Кубогына қатысады. Былтыр «Астана» ел Кубогының иегері атанған.