«Астана» 2025 жылғы «Болашақ ойындарына» қатысады

15.12.2025, 09:00    Оқылғаны: 32
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» 18 желтоқсаннан бастап Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында өтетін 2025 жылғы «Болашақ ойындарына» қатысады.

Шілде айында «Астана» елордада өткен іріктеу кезеңінде сеніді жеңіске жеткен. Іріктеуге еліміздің түкпір-түкпірінен келген командалар бақ сынаған еді, алайда кәсіби спортшылар қарсыластарына мүмкіндік бермей, Абу-Дабиде өтетін халықаралық турнирдің жолдамасына иелік етті.

Халықаралық аренада Қазақстан мен «Астана» клубының намысын Руслан Айтқали (команда капитаны), Әсет Амангелдинов, Сардал Абашидзе мен Руслан Власов қорғайды. Руслан Власов команда құрамына жақында, дәлірек айтсақ, 7 желтоқсанда қосылды. Осы сәттен бастап команда жаңа сынға дайындыққа кірісіп кетті, өйткені «фиджитал 3х3 баскетбол» – біздің ойыншыларымыз жаңашылдық.

«Болашақ ойындары-2025» — физикалық спорт түрлері мен киберспорттың басын бір алаңда тоғыстыратын жаңа халықаралық турнир. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған спортшылар мен геймерлер шынайы спорт пен заманауи ойын технологияларын біріктіретін дисциплиналарда сынға түседі.

М42 санатындағы фиджитал-баскетбол – цифрлық ойын мен 2х2 форматындағы шынайы баскетболдың қарқынын біріктіретін инновациялық формат. Жарыс өзара байланысқан екі аренада, алдымен видеойында, артынша физикалық алаңда өтеді. Мұндай формат киберспорт стратегиясымен баскетболдың физикалық шеберлігін өзара үйлестіріп, көрермен үшін бірегей әрі қолжетімді көрініс ұсынады.

Цифрлық кезең

Цифрлық кезеңде әр клубтың екі ойыншысы видеойында сынға түседі. Ойыншыны таңдау матчтың басталуына бір сағат қалғанда таңдалады. Матч ұзақтығы – 10 минут немесе ойын командалардың бірі 19 ұпай еншілегенге дейін жалғасады. Екі команданың бірі 19 ұпай жинаған бойда кезең өз мәресіне жетеді. Егер команда 20 ұпай олжаласа, нәтиже тіркеліп, цифрлық кезең аяқталады. Бұл кезеңнің қорытынды есебі келесі – физикалық жарысқа жолданады.

Физикалық кезең

Физикалық кезеңде әр команданың екі спортшысы стандартты 3х3 алаңда 2х2 форматында ойнайды. Матч цифрлық кезеңде тіркелген есептен бастап жалғасын табады және командалардың бірі 39 ұпай жинағанға немесе 7 минут ойын уақыты аяқталғанға дейін жалғасады. Уақыт ойындағы үзілістер мен айып соққыларын орындау кезінде тоқтатылады. Егер жеті минут ойын уақыты аяқталып, бірақ екі команда да 39 ұпай еншілемесе, ұпай саны көп команда жеңімпаз атанады. Ал егер есеп тең болса, жеңімпаз айып соққылары сериясы қорытындысында анықталады. Әр команда кезекпен-кезек үш соққыдан орындайды. Егер тең есеп сақталса, соққы жасау жеңімпазды анықтағанға дейін жалғасады.

Жігіттерімізге Абу-Дабиде сәттілік тілейміз!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»