«Астана» Батыс-Азия Супер Лигасының плей-офф кезеңіне шықты! 

20.02.2026, 14:00    Оқылғаны: 16
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» кәсіби баскетбол клубы FIBA West Asia Super League плей-оффының финалдық кезеңіне жолдама алды

Қазақстандық клуб топтық кезеңнің қорытындысында Батыс-Азия Супер Лигасы чемпионы атағына таласты жалғастыратын төрт команданың қатарына кірді. «Астанамен» бірге турнирдің шешуші кезеңіне «Al Riyadi», «Sagesse SC» мен «Shardari Gorgan» ұжымдары шықты. Командалардың турнирлік кестедегі қорытынды орны 5 наурызда тұрақты чемпионат аясындағы «Sagesse SC» мен «Shardari Gorgan» арасындағы ойыннан кейін белгілі болады. 

Плей-офф 25 наурызда жартылай финалдан басталады және екі жеңіске дейін жалғасады. Жарыстың жаңа форматына сәйкес, алғашқы кезең қорытындысында бірінші орын алған ұжым төртінші сатыда тұрған командамен кездеседі, ал 2-3-орындарға жайғасқан клубтар өзара мықтыны анықтайды. 

Командалардың бірі екі жеңіске қол жеткізгенге дейін жалғасатын финалдық серия 16 сәуірде басталады, ал 15 сәуір күні үшінші орын үшін матч өтеді. 
WASL дебюттік маусымында плей-оффқа шығу — «Астана» КБК үшін маңызды нәтиже. Команда чемпиондық атақ үшін таласын жалғастырып, Қазақстан намысын халықаралық аренада қорғау арқылы аймақтағы жетекші клубтардың бірі екенін дәлелдеп келеді. 

Жанкүйерлерге көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, маусымның шешуші кезеңіне дайындаламыз!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»