«Астана» Қазақстан Ұлттық Лигасы финалында «Каспийге» қарсы ойнайды

21.05.2026, 17:00    Оқылғаны: 17
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астананың» Қазақстан Ұлттық Лигасы финалындағы қарсыласы — ақтаулық «Каспий». Елордалық ұжым серияны өз алаңында бастайды. 23 мамырда басталатын финалдық кезең командалардың бірі үш жеңіске қол жеткізгенге дейін жалғасады.

Астаналық команданың турнирлік кестеде бірінші орын алуы серияны өз алаңында бастауға мүмкіндік берді. Сондықтан финалдың алғашқы екі кездесуі 23-24 мамыр күндері Академия Залында өтеді.

Жартылай финалда «Астана» тартысқа толы серияда «Барсы Атырау» командасын жеңді, ал «Каспий» финал жолдамасы сарапқа салынған тартыста «Алматинский Легион» ұжымын жарып жолынан шығарды.

Биылғы маусымда командалар өзара сегіз кездесу өткізіп, оның алтауында «Астана» жеңіске жетті. Алайда «Каспий» — чемпионаттың көшбасшы командаларының бірі. Ақтаулық ұжым маусымды сәтсіз бастағанына қарамастан, бірте-бірте өз нәтижесін жақсартып, тұрақты чемпионатты екінші орынмен аяқтады. Маусым басында команданың бас жаттықтырушысы қызметін Қазақстан құрамасының экс-бапкері Евгений Овсянников атқарып, «Астананың» экс-ойыншысы Вадим Доц ақтаулық ұжым сапын толықтырды.

«Каспий» сапында Қазақстан ұлттық құрамасының бірқатар ойыншылары өнер көрсетеді. Әр ойында орта есеппен 13.75 ұпай еншілейтін Джакуар Мурман, 11 рет допты алатын Владимир Иванов пен 7.33 пас беретін Эрик Макгилл — команданың көшбасшы ойыншылары. Орта есеппен ақтаулық ұжым әр кездесуде 68.63 ұпай еншілейді.

Финал алдында «Астанада» бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. 16 сәуірде команданың бас бапкері Рамунас Цвирка мезгілсіз өмірден өтті. Қазіргі таңда Дэйнюс Шаленга команданың бас бапкері қызметін атқарып жүр.

Әр матчта орта есеппен 18 ұпай олжалап, 6.14 пас беріп, 3.29 рет допты тартып алатын Эрик Дэй астаналық команданың көшбасшы ойыншысы болып қала беріп отыр. Допты алу бойынша «Астана» сапындағы үздік көрсеткіш Роберт Панға тиесілі — 7.25. «Астана» әр матчта орта есеппен 81.5 ұпай еншілейді.

Елордадағы матчтардан кейін, серия Ақтауда жалғасын табады. Командалар серияның үшінші матчын 27 мамырда өткізеді. Төртінші және бесінші кездесулер қажет болған жағдайда 28 және 31 мамыр күндері Ақтау мен Астанада өтеді.

Бізді тартысқа толы серия күтіп тұр. Себебі, финалда қазіргі Қазақстан чемпионы мен 2025 жылғы Қазақстан Кубогының иегері кездеседі. «Астана» ел Кубогында кеткен есесін қайтара ала ма? Бұл сұрақтың жауабын 23-24 мамыр күндері өтетін матчтарда аламыз! Ойындар сағат 17:00-де басталады.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»