«Астана» Games of the Future 2026 powered by Samruk Kazyna турниріне қатысады!

24.07.2026, 15:30    Оқылғаны: 112
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:

Астаналық клубтың Болашақ ойындарына қатысу тәжірибесі бар. Өткен маусымда «Астана» турнирдің қола жүлдегері атанса, осы жылдың наурыз айында іріктеуден сәтті өтіп, жарыстың финалдық кезеңіне жолдама алды. 

Халықаралық аренада Қазақстан мен «Астана» намысын Руслан Айтқали (команда капитаны), Роберт Пан, Сардал Абашидзе мен Руслан Власов қорғайды. Власов үшін бұл турнир жаңа қызметіндегі дебюттік жарыс болмақ, ол командаға цифрлық бөлік бойынша бапкер ретінде қосылды. Команда құрамы жасақтала бастаған күннен бастап ұжым жарысқа дайындыққа кірісіп кетті, себебі phygital basketball клуб ойыншылары үшін жаңа тәжірибе болмақ. 

Phygital basketball дегеніміз не? 


Phygital basketball — цифрлық баскетбол мен алаңдағы ойынды біріктіретін инновациялық дисциплина. Матч екі кезеңнен тұрады, ал қорытынды нәтиже команданың видеоойын мен алаңдағы өнеріне байланысты болады.

Цифрлық кезең

Алдымен әр команданың екі ойыншысы баскетбол симуляторында ойын өткізеді. Ойын 10 минутқа жалғасады немесе командалардың бірі 19 және одан көп ұпай жинағанда аяқталады. Қорытынды есеп келесі кезеңге беріледі.

Физикалық кезең

Одан соң екі спортшы алаңға шығып, 2х2 форматында фиджитал-баскетбол ережесіне сәйкес матч өткізеді. Кездесу цифрлық кезеңдегі есептен басталып, командалардың бірі 39 ұпай жинаған сәтте немесе таза уақыт есебімен 7 минуттан кейін аяқталады. Егер жеңімпаз негізгі уақытта анықталмаса, нәтиже ұпай санына байланысты болады, ал есеп тең болса — жеңімпаз айып соққылары арқылы анықталады. 

Games of the Future — жаңа дәуірдің халықаралық мультиспорттық турнирі. Бұл жарыс дәстүрлі спорт пен заманауи цифрлық технологиялардың басын біріктіреді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар виртуалды және физикалық сайыстар бір арнада тоғысатын дисциплиналарда сынға түседі.

Командамызға елімізде өтетін ірі жарыста сәттілік пен жарқын жеңіс тілейміз!



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»